Поп жұлдызының Исламды қабылдағанына екі күн өткеннен кейін мінбеде айтқаны!
Поп жұлдызының Исламды қабылдағанына екі күн өткеннен кейін мінбеде айтқаны!
4 күн бұрын 1273
Абдулла Самға

Америка Құрама Штаттарындағы бір мешіттің имамы былай деп әңгімелейді:

Ақшам намазынан кейін, мешітте бұрын-соңды келмеген қара нәсілді бір жігіт көрінді. Ол қасыма жақындап келіп, менен микрофонды сұрады. Мен бердім. Ол қолына микрофонды алды да, жамағатқа қарап:

- "Әссәләму алейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ. Бисмилләһир-Рахманир-Рахим", – деді. Содан соң ол "Фатиха" сүресін бөліп, бөліп оқи бастады. Алайда, оның не оқып жатқанын "фатиха" сүресін білмеген адам, түсінбес еді, өйткені акцентпен, түсініксіз оқып жатты. Сүрені оқып аяқтаған соң, микрофонды қойып, мешіттің бір бұрышына барды да, нәпіл намазын оқып, шығып кетті.

Мен аң-таң боп оның артынан бардым. Бара жатып ойымда: «Бұл жігітті мұны істеуге не итермеледі екен? Не сүрені дұрыс оқымайды, не құран оқу ережесін білмейді, әуезі де жоқ? Сөйте тұра, жамағат алдына шығып фатиха оқығаны несі?» деген сұрақтар туындап жатты.

Ақыры, оған жетіп, оны тоқтаттым да:

- Олай неге жасадың? – деп сұрадым оның мешіттегі ісінің мәнін білгім келіп.

Сонда Ол:

- "Мен рэп әншісі Loon-мын. Екі күн бұрын исламды қабылдадым. Одан соң есімімді Жүнейд деп өзгерттім. Бір ағылшын тіліне аударылған кітап оқыдым, ол «Ислам діні және оны адамдарға тарату» жөнінде еді. Сол кітаптан оқыған хадис мені әлгіндей іс істеуіме шабыттандырды» деп түсіндірді.

Мен:

- Ол қандай хадис? – деп сұрадым.

Ол:

- «Менен бір аят болса да өзгелерге жеткізіңдер!» деген хадис. Мен жеті аят жатқа білемін, соларды жеткіздім", – деді» деп әңгімесін аяқтайды имам.

Бұл оқиға – бізге исламның әрбір адамның жүрегіне жол тауып, оны өзгерте алатынына жарқын мысал. Бұл әсерлі оқиғаның кейіпкері - атақты рэпер Чаунси Ламонт Хокинс болып табылады. Исламды қабылдағаннан соң, дін жолына түсіп, кейін Амир Джунайд аль-Мухаддис деген атпен танымал болады. Оның себепкерлігімен көптеген адамдар мұсылман дініне өтеді.

Алғашқы жылдар мен музыкалық карьерасы

Бұрынғы аты Чаунси Ламонт Хокинс болған Жүнейд - 1975 жылы Нью-Йорктегі Гарлем қаласында дүниеге келген. Ол «Loon» лақап атымен, 1990-шы жылдардың соңында музыкалық мансабын бастады. Бастапқыда Мейстің "Harlem World" рэп тобының мүшесі еді, кейіннен Шон "Дидди" Комбстың "Bad Boy Records" лейблымен келісімшартқа отырады. Арадан біраз жыл өтіп, 2003 жылы шыққан өзінің дебюттік "Loon" атты альбомымен ол хип-хоп әлемінде танымалдылыққа ие болды. Әсіресе, Диддидің "I Need a Girl (Part One)" және "I Need a Girl (Part Two)" синглдарына қатысуы оны танымал етті, бұл әндер Billboard Hot 100 чартында жоғары орындарға көтерілген болатын.

Loon музыка индустриясында үлкен жетістіктерге жетіп, байлық пен атақ-даңққа бөленді. Алайда, осы жетістіктерге қарамастан, ол өзінің ішкі жан дүниесіндегі бос қуыст сезініп, өмірдің мәнін іздей бастады.

Исламды қабылдауы және өмірдегі өзгерістер

2008 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары кезінде Loon өміріндегі бетбұрыс сәтін бастан кешірді. Ол ислам дінінің ілімдерімен танысып, рухани оянуды сезінді. Осыдан кейін, 2008 жылдың желтоқсанында ол исламды қабылдады. Меккеде, Сауд Арабиясында Умра қажылығын өтегеннен кейін, есімін ресми түрде Әмір Жүнейд Мухадис деп өзгертті.

Исламды қабылдағаннан кейін, Әмір Жүнейд Мухадис музыкалық мансабын толығымен тоқтатты. Ол өзін толықтай дінге арнауға бел буды. 2011 жылға дейін Мысыр еліндегі Каир қаласында тұрып, Ислам дінін тереңірек зерттеді. Кейіннен АҚШ-қа оралып, ислам дағуатымен (исламға шақыру) және қайырымдылық жұмыстарымен белсенді түрде айналыса бастады.

Әмір Жүнейд Мухадис ислам қауымдастығында белсенді тұлғаға айналды. Ол көптеген исламдық іс-шаралар мен конференцияларда сөз сөйлеп, өз өмірінің тарихын және ислам дінінің адам өміріне тигізер оңды әсерін, өмірді қалай жақсы жаққа өзгерте алатынымен бөлісті. Оның мүлдем басқа адамға айналуы - дін мен дүниелік істердің арасындағы тепе-теңдікті табуға ұмтылған жастарға үлкен шабыт берді.

Ол өзінің дәрістерінде, әңгімелерінде адал өмір салтын ұстанудың, жаман әдеттерден аулақ болудың маңыздылығын насихаттайды. Оның "Paid Meals" атты коммерциялық емес ұйымы АҚШ-тың аз қамтылған аудандарында азық-түлік қамтамасыз етумен бағытталған. Бұл ұйым тегін әрі пайдалы тағамдарды тарату арқылы қауымдастыққа оң әсерін тигізуде.

Әмір Жүнейд АҚШ-та тұрады. Отбасылы.

islam.kz

 

 

0 пікір